ИНЕРЦИЯЛЫҚ ТЕРМОЯДРОЛЫҚ СИНТЕЗ ТЫҒЫЗ ЕКІ ТЕМПЕРАТУРАЛЫ ПЛАЗМАСЫНЫҢ ДИНАМИКАЛЫҚ СИПАТТАМАЛАРЫН ЗЕРТТЕУ
Аннотация
Бұл жұмыста изотермиялық емес, тығыз дейтерий-тритий плазмасының динамикалық сипаттамалары зерттелді. Бөлшектердің әсерлесуінің эффективті потенциалы негізінде екі температуралы, изотермиялық емес, тығыз плазма үшін Кулон логарифмі алынды. Бұл потенциал екі температуралы плазмада кіші ара-қашыктықта квантты- механикалық дифракция эффектісін, үлкен ара-қашықтыкта экрандалу эффектісін ескереді. Кулон логарифмі көмегімен изотермиялық емес тығыз плазманың тежегіштік қасиеттері мен энергия жоғалтулары зерттелді. Алынған нәтижелер бойынша тығыз плазманың транспорттық қасиеттері эффективті потенциал негізіндегі Кулон логарифмі арқылы толық анықтала алады. Жоғары жылдамдықтағы жылдам бөлшектер ортада нашар әрекеттесетіндігі көрсетілген. Олар тежелген кезде, яғни, өздерінің энергиясын азайтқанда, кинетикалық энергиясын жоғалтады, сондықтан төмен энергияларда жұтылу шыңы байқалады. Шапшаң бөлшектердің жылдамдығы өте төмен болса, кинетикалық энергия ортаның жылу энергиясымен сәйкес болады, яғни, энергиядағы айырмашылық аз болады, берілген энергияның жылдамдығы төмендейді. Плазмадағы ауыр, зарядталған бөлшектердің диапазондары мен энергияны жоғалту профилдерін білу термоядролық нысанды жобалау параметрлерін дәл анықтауға мүмкіндік береді.

